Ақсақ қой болып түстен кейін маңырайық
142 рет қаралды пікір қалдырылмады 05.03.2017 сағат 17:17

Ақсақ қой болып түстен кейін маңырайық

Осыдан бірнеше ай бұрын Тұңғышбай Жаманқұлов ағамызға айып тағылды. Халықтың санасы «жалған»,-деп айқайлады, дегенмен тілі емес. Қолдау керек деді бірақ іспен дәлелдей алмады. Әшейінде туған күн болса жабыла жазар жұлдыздар, қит етсе талан-таражға түсіретін халық жұмған аузын ашпады. Бірақ қара түнен жарық еткен сәуледей ағамыздың шәкірттері, театр саласы алғашқылардың бірі болып бас көтерді.
Олар « Жаманқұловтың абыройын сақтап қалуды сұраймыз» деп дат айтты. Сондай Тұңғышбай ағамыздың қолдаушыларының жазған жазбаларын сізге ұсынамыз.
Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры ашық хат жолдады.

Қыдырғали Көбентай:

«Күніне екі рет жаңалықтар қараймын. Өгей болсам да, жер басып жүргесін, амал жоқ, осы қоғамның мүшесімін ғой деген ой ғой баяғы… Кезекті жаңалыктарымды тыңдай қояйын деп, теледидарды қосып қалсам:
— Тұңғышбай Жаманқұловтың ісіне байланысты, сот отырысы басталды!- де-е-еп, сайрап отыр диктор. Масқара!
Мына қоғам Жаманқұловты соттамақшы ма сонда? Тұқаңды соттау.. өнерді қорлау ғой бұл?! Ақыры керең болмағасын, әр нәрсені тыңдайсың ғой. Бір жылдары Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясының бір ректорының: «Жаманқұлов нашар педагог…» дегенін де естіп едік. Сонда.. біз кімнен оқыдық? Кімнен тәрбие алдық? Қазақ театрларының бетке ұстар актерлерінің жетпіс-сексен пайызы Тұқаңның шәкірттері! Қала берді өнердің басқа салаларында да талай шәкірттері жүрміз. Сонда кім нашар? Жә, қойшы, пендешілік қой дедік, онда да… Данышпан Абай: «Қазақтың өлгенінің жаманы жоқ, тірісінің өсектен аманы жоқ!»- дейді. Біз, шынымен, сондай халықпыз ба? Өлгенін өкіртіп мақтайтын, тірісін ақтай да алмайтын ұлтпыз ба? Айран ішкені құтылып, шелек жалағаны тұтылған қоғам ба, бұл? Қайда әлгі… жарқыраған «жұлдыздарды» жатып жазатын жазғыштар? Қатынының етегінен сығалап, елді айтақтайтын «батырлар» қайда?
— Оу, ағайындар!
Кешегі желтоқсан көтерілісінде жастарды қорғаймын деп, алаңға шығып, маңдайында күректің ізі қалған (әлі күнге дейін) Жаманқұлов емес пе ол?! Ақын-жазушыларды шешендігімен, сөз саптауымен таңғалдырған Тұңғышбай емес пе ол?! Қазақтың қаракөз ұл-қыздарының талантын танып, тәрбиелеп, өнер додасына, сахна додасына баптап қосқан Ұстаз емес пе ол?! Өттері жарылып кетсе де айтайын, қазақ хандарын Тұқаңдай сомдаған актер жоқ әлі. Талай тектілерімізді темір торға тоғытып, тәуірлерін аттырып, астырып, шаптырудан атымыз шыққан ұлт едік, сол әдетіміз әлі қалмаған ба? Бір талантты ақтай алмайтын қандай халықпыз, біз?
— Оу, Ағайындар!
Оянайық, бас көтерейік! Тұлға талантымызды таптатпайық, тексіздерге!»
Неде болса өнер адамдары оянды. Түстен кейін маңыраған ақсақ қой болсақта ұлттың айтулы азаматына араша болмау масқара. Құлагердің басын шапқан Батыраштың айбалтасын өз қолымызбен ұсынғандай боламыз ба?
Тым болмаса, кеш болса да- ақсақ қой болып түсетен кейін маңырайық!!!

Пікірлер

Войти с помощью: